Jump to content

«Жиырма бес» әні

From Wikisource
«Жиырма бес» әні
by Шортанбай Қанайұлы
290171«Жиырма бес» әніШортанбай Қанайұлы

Шыңжаң қазақтарының атақты әншісі Хамит Ысқақ ұлы Шортанбайдың бұл әнін Қазақстаннан алып қайтқан. Ән композитор Илия Жақановтың қолында сақтаулы тұр.

Сауған мен жалғыз сиыр іркіт болмас,
Өнерді бойға біткен іркіп болмас.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Қаңқылдап қара қарға бүркіт болмас.
Ит қызыл болғанменен түлкі болмас,
Ойнақтап сиыр үркіп жылқы болмас.
Мысалы, әр нәрсенің бәрі сондай,
Ағашқа саясы жоқ бұлбұл қонбас.
Қайырмасы:
Ахау, өтті-ау заман,
Хош бол, аман, жиырма бес
Қайта айналып келмес маған.
Жабыдан айғыр салма, жалды екен деп,
Жаманмен жолдас болма, малды екен деп.
Жүйрікті жол үстіне тастап кетпе,
Қан түсіп аяғына қалды екен деп.
Жабыдан жүйрік шықпас баптағанмен,
Жаманнан асыл шықпас мақтағанмен.
Ителгі қайырсаң да түлкі алмайды,
Алтындап томағасын қаптағанмен.
Қайырмасы:
Өлген соң арыстаннан тышқан артық,
Мейірімсіз жаман достан дұшпан артық.
Қолына кей жаманның алтын түссе,
Қадірін біле алмайды мыстан артық.
Кісі емес, кісі артынан жамандаған,
Дос емес, дос көңілін таба алмаған.
Қолына кей жаманның тұлпар түссе,
Қандырып тақым құрышын шаба алмаған.
Қайырмасы:
Жақсы атқа жасық темір таға болмас,
Ит тері илегенмен жаға болмас.
Үлгісіз үлкендерді үрлесең де,
Қарыны қампайғанмен аға болмас.
Жайлауда сән болмайды жайламаса,
Болмай ма құлын асау байламаса.
Өлген соң жылағанның керегі не,
Тірлікте бірін-бірі сыйламаса.


This work was published before January 1, 1929, and is in the public domain worldwide because the author died at least 100 years ago.