Келер заман сипаты
Сауысқан, ала қарға — құстың құлы,
Басталар ақырзаман жылқы жылы.
Шақырып кәпір соқты сұрап алдың,
Түзетіп ала алмассың, сірә, мұны.
Отызыншы, отыз бірінші жылдары,
Елдің ері өренде,
Жалғыз-ақ қара қалады,
Ұялмастан бұл кәпір
Оған да салық салады.
Айналдырып бір күні,
Малдың еркін алады.
Сол уақыттың кезінде,
Ұмытпаса тәубаңды,
Түтін салар соқпаққа,
Түзу жолдан қиылсаң,
Жолығарсың күрзі менен тоқпаққа.
Атаң менен күт анаңды,
Есің барда Мекені іздеп таппаққа.
Келе жоқ кей білер
Сол заманда шығады,
Құр жағдай таппаққа.
Айтуға сөзің жетпейді,
Арызың тіпті өтпейді,
Жапақтап көзің тұрарсың,
Не айтамын деп ақымаққа.
Балаңды алар солдатқа,
Айғыр айтып сойсаң да
Бұрынғы дінің келе ме.
Зекетсіз бұйырар
Сүндетсіз жиғаны,
Ауызы түкті ие боп,
Қазаққа берер қиғанын.
* * *
Заман да заман, замана,
Кейін келер заманда,
Асқар таудай әкеге
Ұл қышқырған замана.
Қылсаң жұмыс бітпейді,
Күн қысқарған замана.
Бай қайырып байланып,
Түн қысқарған замана.
Арғымақ ат тасырқап,
Тағалы болған замана.
Мәстек - жабы жалданып,
Бағалы болған замана.
Бұрынғы арық семіріп,
Денелі болған замана.
Бұрынғы семіз арықтап,
Кенелі болған замана.
Кімде тамақ бар болса,
Дегені болған замана.
Сусыз жерге су түсіп,
Сусылдап келіп қу түсіп,
Қоғалы болған замана.
Кейін келер заманда
Ұл сыйламас атасын,
Қыз сыйламас анасын.
Арам сідік болған соң
Атасы бермес батасын.
Қыз он беске келген соң
Жотам сенен кем бе деп,
Салыстырар шүйдесі мен жотасын.
Қайран да халқым, қайтейін,
Күнәға сөйтіп батасың.
Түсі сары, көзі көк,
Дінсіз келін билейді,
Түбінде сонан татасың.
Кейін келер заманда
Кедейлердің қатымы,
Қылымсыған немесі
Қызыл көйлек киеді,
Өзінің байын менсінбей,
Көрінгенді сүйеді.
Осы мінез болған соң
Дозаққа пенде күйеді.
Ендігінің сөзінде
Қай ақыл бар жүйелі.
Бұрынғы бидің тұсында
Шананы мінді күймелі.
Айтып-айтпай немене,
Өткен күн қайтіп келер ме.
Қайран да халқым, қайтейін,
Айғыр айтып сойсаң да
Бұрынғы заман келер ме.
Биік таудың ойнайды
Бауырындағы құлжасы,
Кейінгі балта мал бітсе,
Ит кәпірдің олжасы.
Көз жіберіп қарашы,
Бұл жұмысты болжа,
Ит жерімес арамнан,
Құдай берер адамнан,
Мені де қатын мал бітіп,
Кетпес малы қораңнан,
Пайда қылсаң залалсыз,
Өзіңе біткен қараңнан.
* * *
Дін жолынан айнымас
Шират енді мұсылман,
Алла деген айрылмас
Айтсаң жолыңнан,
Түзу жолға түсірер
Алла деген тобыңнан.
Сол заманның ішінде
Сиыр деген пұл болар,
Ұрғашыдан би болар,
Әркімменен ыржақтап,
Қатын деген тұл болар.
Өзіне-өзі ерік алып,
Ақ саусақты ұстасып,
Жанның бәрі құл болар.
Еділ, Жайық — екі су,
Алтын, күміс тас болар,
Арпа, бидай ас болар,
Бірігіп жан тусаң да,
Қарап та жүріп қас болар.
Мініп көрер күші жоқ,
Сауып ішер сүті жоқ,
Ақша деген мал шығар,
Жеткізе алмай онысын,
Қалтыраумен жан шығар.
Кейін келер заманда
Шошала деген үй шығар,
Шошаңдаған би шығар.
Өзіне-өзі ерік алып,
Көрінгеннен би шығар.
Тамағы болса өзі ішіп,
Бір-бірінен сый шығар.
Ақырына келгенде
Құдайдың құлы болмастан,
Ақыретке барғанда
Қарап бір жүріп іш шығар.
This work was published before January 1, 1929, and is in the public domain worldwide because the author died at least 100 years ago. |